Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз.

ҒЫЛЫМҒА ҚАДАМ

Жуырда Алматы қаласында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчествалық Бірлестігі және «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының ұйымдастыруымен «Өмір және ғылым – Наука и Жизнь» атты оқушылардың ІҮ-ші Республикалық ғылыми – теориялық конференциясы болып өтті.

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі білім ордаларының дүлдүлдері жиналған бұл бәйге оқушылардың интеллектуалды шығармашылығының дамуына үлес қосу, жасөспірімдерді ғылыми зерттеу және жобалау жұмыстарына баулу, талантты оқушылардың ғылыми жетістіктерін қоғамға танымал ету, ғылыми қызметкерлерді талантты оқушылармен бірлескен жобаларға шақыруды мақсат етті.

Екі күнге созылған конференцияны «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Бірлестігінің президенті, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ресей Федерациясы Педагогика академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіәлі Алдабергенұлы Нұрманов ашып, конференцияға қатысушыларға, ұстаздарға, ата-аналарға, демеушілерге сәттілік тіледі. Конференцияны «Абылай ханға 300 жыл» халықаралық медалінің иегері, Халықаралық ғалымдар және ойшылдар одағының мүшесі, «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының президенті Аят Мәдібекұлы Мылтықбаев жүргізді.

Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Өскемен облыстарынан келген конференция қатысушылары математика, физика, информатика, тарих, әдебиеттану, шет тілдері, биология, экология, география салалары бойынша дайындаған 100-ден аса жұмыстарға Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, «Ұлт мақтанышы» алтын медалінің иегері Әбілбай Көпбай, география ғылымдарының докторы Болат Нәкеев, биология ғылымдарының докторы Айсәуле Тәңірбергенова, қолөнер шебері Нұргүл Дәлелханқызы, Қырғызстандық ғылым магистрі Тилек қазылық етті. Дүбірлі додаға Қызылорда облысы бойынша 33 оқушы өздерінің ғылыми зерттеу және жобалау жұмыстарын ұсынып, абыройлы қорғап, облысымыздың мерейін асқақтатты.

loading...

Білім ұясының абыройын, ұстаздарының үмітін, ата-аналарының ақ тілегін арқалап келген конференцияда мектебіміздің мақтаныштары 8 сынып оқушысы Нұржан Сағидулла, жетекшісі Роза Алдамұратова «Майданда туған жырлар», 8 сынып оқушысы Перизат Мүсілімова, жетекшісі Жаннат Серікбаева «Қоршаған ортаның қоғамға әсер етуі», 9 сынып оқушысы Жұлдыз Абдолла, жетекшісі Смайыл Қисықов «Сыр бойындағы орта ғасырлық Сауран қаласы» жобасын сәтті қорғап, жүлделі І орынды жеңіп алды. 10 сынып оқушысы Гүлназ Ыбыраева, жетекшісі Роза Алдамұратова, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндер», Назерке Жаңбырбай, жетекшісі Құндызай Ұзынжасова «Натурал сандардың қызғылықты  қасиеттері» жобасын сәтті қорғап жүлделі ІІ орынды иеленсе, 10 сынып оқушысы Назерке Жайшылықова, жетекшісі Зоя Байгулиева «Энергияның таралуы және жаһандық жылыну», 9 сынып оқушылары Гүлдәрі Құрманбекова, жетекшісі Қаламқас Жәмиева «Ғажайып фигуралар», Таңшолпан Мәлікова, жетекшісі Жанар Байсүгірова «Қызылорда облысының шөлге төзімді  өсімдіктер әлемі», Айдана Рахметоллаева, жетекшісі Светлана Мынжасарова «АКТ-ның 13 – 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің өміріндегі алатын орны» жобасын сәтті қорғап ІІІ орынмен, «Ғылым шырағы», «Жас зерттеуші», «Ғылымға қадам» Дипломдарымен марапатталып, ғылым шырағын жағар үздік зерттеуші екендіктерін дәлелдеді.

Сондай-ақ, оқушылар мен ұстаздардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қызықты сәттер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Кешкі астан соң оқушылардың бір-бірімен тығыз байланыс орнатуға септігін тигізген би кеші ұйымдастырылып, ойындар өткізілді.

Конференцияның келесі күні Алматы қаласының мәдени орындарына, ҚР Тұңғыш Президентінің саябағына, «Медеу» спорттық кешеніне, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына арнайы автобустармен саяхат жасап, естелік суреттерге түсті.

Оқушылардың ғылымға қызығушылығын оятып, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямаған жетекшілері де, ақ батасын беріп, аламанға қосқан ата-аналар да, материалдық және рухани қолдау көрсеткен демеушілер де Алғыс хаттармен марапатталып, Әбілбай Әбішұлы Көпбайдың «Тербеліс» кітабына, тосын сыйларға ие болды.

Әдемі әсер қалдырып, қайталанбас сәттер сыйлаған конференцияға қатысуға мұрындық болып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген мектебіміздің физика пәні мұғалімі, әлеуметтік педагог Жаннат Бекешқызына, оқушыларымыздың талабын оң көріп, қолдау көрсеткен мектеп басшысы Зарипа Жаппарқызына айтар алғысымыз шексіз!

 

Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Светлана Кенбайқызы


KORNEKILKIKTERS PORTFOLIO-KAZAKHSHA

Пікірлер 1 Пікір қосу

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!

*

code

Үздіктер cайтындағы мақалаларды басқа сайттарға жариялағанда Үздіктер сайтына ашық кері сілтеме қойылуы тиіс! Сайтта жарияланған мақалалардың мазмұнына мақала авторлары жауапты © 2013 - 2016