Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз.

Біз жастарды білеміз бе?

stg

Cұлтанова Ғ.Т.

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау

гуманитарлық колледжі педагогика,

психология пәндерінің оқытушысы

Аға ұрпақ өскелең буынға зейін қойып сын көзбен қарауға бейім. Оларды өзінің жас кезіндегі ерекшеліктерімен салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын табуға әуес. Әрине, бұл түсінікті құбылыс: себебі, қазіргі жастар біздің жалғасымыз, болашағымыз. Жастарды бақылап, зерттеп, келер күндер қандай болатынын білуге тырысамыз. Бірақ, кейде жастарды танып-білу оларды сынап-мінеуге апаратын кездер болады.

Мына төмендегі төрт пікірге назар аударалықшы:

1-пікір:»Біздің жастар сәнденуді, байлықты тәуір көреді. Олардың тәртібі нашар, тәрбиесіз. Бастықтарды мұқатып, қарттарды сыйламайды. Қазіргі жастар өктемшіл, бөлмеге үлкен кісі кіргенде тұрып, ізет етуді білмейді, ата-аналарына қарсы сөйлейді».

2-«Мен біздің еліміздің болашағына деген сенімімді жоғалта бастадым. Себебі, бүгінгі жастар өркөкірек, төзімсіз, ұстамсыз, жалпы көргенсіз».

3-«Біздің заман жетер жеріне жетіп, титықтап тұр. Балалар ата-ананы тыңдауды мүлдем қойды. Ақырзаман енді алыс болмас…»

4-«Бұл жастардың рухани дүниесі өте таяз, өресіз. Олардың істегені зорлық, берекетсіздік. Бұлар өткен замандағы, не біздің кезіміздегі жастарға ұқсамайды. Қазіргі жастар біздің мәдениетімізді сақтап қала алмайды ма деген қорқынышты ой туады».

Осы сөздер, шындығында біздің айтып та, естіп те жүрген сөздеріміз емес пе? Ендеше, бұлар кімдердің ойлары екен, тарихқа үңілейік.

Бірінші пікірді Сократ (б.з.д.470-399) айтса;

екінші пікір-Гесиодтікі (шамамен б.з.д. 720ж);

Алайда оларға дейін де жастарға көңілі толмағандар жетіп айрылады екен.

Оған дәлел-үшінші пікірдің авторы- б.з.д.2000 жыл бұрын өмір сүрген Египет көріпкелі болса, төртінші пікір- Вавилоннан табылған 3000 жыл бұрын тас құмырада жазылған пікір екен.

Ал қазір, 21-ғасырда ше? Қазіргі таңдағы жастардың тәрбиесіне қандай баға бересіз? Ғаламтордағы (surak-zhauap.kz)пікірлерден үзінді:

«Жастардың бәрі тәртіпсіз! Үлкендерді сыйлауды білмейді! Автобуста орын бермек түгілі, бірдеңенің жөнін айтсаң, ұрсысып шыға келеді маңайына шаң жуытпай! Жас кезімізде қандай тәрбиелі едік, бұлар бұзылған, ішеді, наркоман шеттерінен! …Заман бұзылған, қайтейік енді!» Қобланды(Кандидат )

«Таза бояуы жоғалмаған қазақ баласы ауылда тәрбиеленеді деген сөз өз мағынасын жоғалтқандай… қазіргі таңда ауылда тәрбиеленіп жатқан ауыл баласы қандай дегенде: ұрысқақ, ата ны сыйлаудан қалған, үлкенге деген құрмет жоқ, аузынан шыққан сөздің мағынасын білмейді, көк бет, қырсық және тағы басқа теріс қылықтар… Бұған себеп- үйде тәрбие осылай беріледі, ертең қалаға барғанда қаланың балаларына желініп қалмасын деген ой да болуы мүмкін, бірақ ол олай болмай жатыр… Ауылдан дәл осындай тәрбие алып келген бала қалаға келгенде тез бұзылып, қала бұзақыларының қатарын толықтырады… демек бұзақы қала баласы болып есептеледі, бірақ оның тәрбие алған жері ауыл ғой?…

Кешегі жас арыстан Ғанилардың, Тұқымы тұздай бүгін құрып кетті. Қайрат пен Ләззаттай ірілердің, Ізбасары іркіттей іріп кетті.

бұл айтылғандар ойдан шығарылған сөздер емес, демек ойланайық достар…..» Жантуған Шілде 2011 жыл./

Төреғали Батырханұлы, психолог:

-Абайшалап «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп үрейленуге негіз бар ма, жоқ па?-деген сауалға: – Қорқуға негіз бар! Қазір заманауи технологияның дамыған дәуірі. Бұрынғыдай емес, жан-жақтан ағылып келіп жатқан ақпараттар көп. Біздің кезіміздегі жастар мен қазіргі жастарды салыстырсақ, арасы аспан мен жердей. Біріншіден, бұрын қазіргідей ақпарат тасқыны болған жоқ. Жастар алатын ақпараттардың басым бөлігі қазақтың салт-дәстүрлерімен, отбасының тәрбиесімен шектелді. Ал қазір керісінше ақпарат отбасынан емес, менталитеті басқа, тілі бөтен, діні бөлек ортадан келіп жатыр… Өкінішке қарай, көп жастар қазақи болмысынан ажырап бара жатыр. Арабиялық бір ғалым маған: «Сіздер үлкен қателік жіберіп жатырсыздар. Ешқашан біз сияқты араб бола алмайсыздар!» дегені бар. Қазақтың өрімдей ұлдары мен қыздары арабтарға еліктейміз деп жүріп не қазақ емес, не араб емес, не адам емес, дүбәраға айналып жатқаны өкінішті.

Қанында бар тектілікті біліммен ұштастырған жастар ғана ата-анасын, отбасын ғана емес, қоғамды алға сүйрейді.»

Сөйтіп, мыңжылдықтар, ғасырлар өткен сайын жастар туралы пікірлер нашарлай беруде. Әйтсе де қалайша өркениет жоғалмай, мәдениет сақталып қана қоймай, небір жетістіктерге қайтіп ие болып келеміз деген ой туады. Сонда аға ұрпақтың жас ұрпақты үнемі түсінбеуі заңдылық па? Жоғарыдағы пікірлердің арасында қаншама уақыт өтсе де үндес болуы неліктен?

Меніңше, біріншіден, жастар барлығы бірдей, біркелкі масса емес. Олардың арасында жағымдысы да, жағымсызы да кездеседі.Олардың бірі белсенділікпен ізгілікке бағытталса, екіншілері тап солай белсенділікпен келеңсіздікке бет бұрады.

Екіншіден, аға ұрпақтың арасынан да неше түрлі адамдар кездеседі. Олардың бірі жастарды уақыттарын босқа жіберіп жүрген бос кеуделер деп, тек жаман жақтарын тізіп , мін тағатын болса, екіншілері өздерінің бойындағы кемшіліктерін ақтау үшін жастардың бойынан төмен белгілерді тауып, жазғырады. Үшіншілері-«бұрында тіпті ауа да, су да ерекше, күн де ерекше нұрлы болатын. Қазір бәрі басқаша, қазіргі адамдардың пиғылы өзге» дейтін консерваторлар. Алайда барлық уақытта да әрбір кездің өзінің несібесі, жақсылығы бар екендігін түсінетін адамдар болған және ондай тұлғалар баршылық. Әр заманның жастары өзінен бұрынғы ұрпақтың тәжірибесін, мәдениетін өз бойына сіңіре отырып, олардан кем болмауға ұмтылады. Болашағымызға оптимистік көзқарасымыз болу аз, оларды білуге, оларға қол ұшын беруге дайын болу, олардың біздерден қандай ерекшеліктері бар екендігін білу ұрпақтар арасын жақындата түсері анық. Бүгінгі таңда балалар кезді ашып-жұмғанша есейеді. Сондықтан да оларға дер шағында нақты өмір шындығы туралы ақиқат сабағын бер, дер шағында өз тәжірибеңмен бөліс және олардың ойымен санасып, түйген пікіріне құрметпен қара. Жас мемлекетімізге білімді ғана емес, білікті де азамат ауадай қажет.Өз өміріміздің өткенінен бас тартуға болмайды, онсыз бүгінің, онсыз ертеңің жоқ. Ұрпақтар арасындағы түсінбестіктің көптеген себебі сол жылдардың әлеуметтік жағдайын терең білмеуден туындайды.

loading...

Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңінде осы түсіністік, сенім бар :

( …Алаш — айбынды ұраны, Қасиетті құраны. Алаштың олар құрбаны, Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға: Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!)

Қасым Аманжоловтың да: » Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, көркіңе көз тастаймын мен таңырқап, сендіріп жер дүниені сен келгенде, жатармын мен көрпемді қырда қымтап»… деген жыр жолдары жақсы мысал емес пе?

Енді қазіргі біздің студенттеріміздің тұлғалық өзгерістерін (аға ұрпаққа қарағанда) қарастырып көрейік. Олардың өзгеруіне қоғамдағы болып жатқан жағдайлар және оның өзіндік жағдайлары да себеп болады.

Біріншіден, отбасы өзгерді .Баланың санының азаюы- отбасындағы тәрбиенің, педагогикалық жағдайдың өзгеруіне әкелді. Ата-ананың балаға бөлетін уақыты, ықпалы азайды. Қазір ата-ана мамандыққа, күн-көріс кәсібіне көп мән береді, бала тәрбиесіне уақыты аз қалады.

Екіншіден, отбасының материалдық жағдайы жақсарды. Балалық кезеңнен бастап, ойыншық, киімге молынан ие болған бала тұрмыстық пайдалы еңбекпен айналыспайды. Соңғы кезде жоғары сынып оқушысының қажеттілігіне кететін қаржының шамасы 4 есе өскен. Бұл кейбір отбасының барлық табысына пара-пар. 11-сынып оқушысының киіміне кететін ақша анасының киіміне кеткен ақшадан 2 есе артады. Балалар тек қажет деген затқа ғана емес, байлықты, барлықты аңғартатын заттарға ие болуды талап етеді: магнитофон, фотоаппарат, ұялы телефон, видеоаппаратура, өте қымбат киімдер,т.т. Олар қай жерде, қандай жағдайда қалай киіну керек, отбасына қандай күш түсіп тұр, ойланбайды.

Колледжге 9-11 сынып бітіргендер түседі. Олардың арасында өзін мектепте көрсете алмағандар, жоғары оқуға «ілікпегендер», яғни білімдері төмендері кездеседі. 9-сыныптан келгендердің кейбірі мектепте «тәрбиелеуге көнбегендер» болып кездеседі. Яғни, бұлардың «Мен»-концепциясының әлсіздігі («Менің қолымнан келмейді»,т.б.)

Өзін-өзі төмен бағалауы түрлі жағымсыз қылықтар жасауға әкеледі. (Тентек лидер балаға еріп кетуі, агрессивтік мінез-құлық,т.б.)

Колледждің студенті оқуға түскеннен кейін кейбір психологиялық өзгерістерге ұшырайды.Студенттің эмоциялық өміріне өзгеріс әкелетін мәселелер:

-өмірлік статусының өзгеруі (оқушы еді, студент болды);

-өзінің қажеті мен қажетін өтеу мүмкіншілігінің деңгейінің сай болмауы. (Алғашқы стипендиясын алған студент өзін ата-аналарынан тәуелсіз деп санап, бір-екі күнде онысын жойып тастап, өзінің өмірлік орнын «түсінеді».)

-өмірлік перспективасының өзгеруі. Мақсат, мүдде, жоспар құрады. Немесе өмір ағынымен жай «жүзеді».

Оқытушылардың алдында үлкен міндет тұрады: ол әр студенттің өзін-өзі сыйлау, өзінің қадір-қасиетін сезіну сезімдерін жандандыру. Болашақ мамандығына деген көзқарас, жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Студенттер үшін өздерін сыйлайтын, түсінетін, дер кезінде қол ұшын беретін адамның қастарында болғаны маңызды. Студент ондай тұлғаның қойған талаптарына сәйкес болуға тырысады. Өйткені, 15-19 жастағы студенттердің нағыз денесінің және ақыл-ой тұрғысынан дамитын кезеңі. Бұл жасқа максимализм мен эгоцентризм тән. Өзгелердің тәжірибесіне салғырт қарап,өзінің не досының тәжірибесін артық бағалайтындығы кездеседі.

Бұл жастағы студент өте сезімтал, өзімшіл. Әділдікті белсенді түрде қорғап, бірақ өздеріне айтылған сынға төзбестік байқатады. Ата-аналарына, жалпы үлкендерге жоғары талап қояды, ал өзіне деген талабы төмен немесе солқылдақтық танытады. Өз-өздеріне кейде тым сенімді. Олардың ұстанған ұстанымдары кейде қасарыспалыққа да апарады. Егер оқытушы оның осы тұжырымының пайдалы тұсын тауып, қателескен тұсын оның өзіне тапқызып, студентті соңына ерте алса жақсы. Сонымен бірге жастардың өзін

көрсету, ерекшелену қасиеттерін де ескеру, сыйлау керек. Өткен тарихқа көз жіберсек, стиляга, пижондар, хиппи, панк, рокер деген жастар басқа галактикадан келген қонақтар емес, сол өмір сүріп отырған кезеңде басқаларға ұқсамай, ерекшеленіп, көзге түсуге тырысқан жастар болатын. Олар сонысымен ортаға өзінің «менін» танытып, қалыпқа көнбеу, екіжүзділікке, жағымпаздыққа, бұйрықшылдыққа, құлдық психологияға қарсылық көрсетуге ұмтылған болар. Бұл жас кезеңдері-өте құбылмалы, қауіпті кезең. Дұрыс қарым-қатынас, түсіністік, дұрыс бағыт-бағдар болса өркендеп, олай болмаса, қисайып кері кетуі мүмкін.

Біздің еңбегіміздің сапасы біздің жанымыздың, рухани жан дүниеміздің сапасы . Сондықтан, «Мен студенттерімді жақсы көремін бе? Оларды барлық жетістігімен, кемшілігімен сыйлаймын ба?» деген сұраққа жауап берейікші. Өтірік емес, біз жақсы оқитын, қиыншылық келтірмейтін студентті жақсы көреміз. Оларды ғана біздің «жарқын болашағымыз» деп танимыз. Алайда, еріншек, қабілеті төмен студент те болашағымыз. Сондықтан оларға деген әділ, шынайы қарым-қатынас қалыптастырып, қолдан келген көмегімізді аямайық. Дұрыс жолға түссе ол да қабілетті, жауапкершілігі мол тұлғаға айналар. Мағжанның сенімі орындалсын деп үміттенелік:

» Жұмсақ мінез жүректер, Сүттей таза жүректер. Қасиетті тілектер — Мен жастарға сенемін» …

Аға ұрпақтан жастарға бата:

Ақ сөйлеп, адал күлетін бол,

Шындықты жақтап жүретін бол.

Жаманға жағынбайтын бол,

Наданға табынбайтын бол…

Жортқанда жолың болсын,

Жолдасың Ар-Ұят болсын ,

Жолың болсын,болашағың жарқын болсын, үкілі ұрпақ!


KORNEKILKIKTERS PORTFOLIO-KAZAKHSHA

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!

*

code

Үздіктер cайтындағы мақалаларды басқа сайттарға жариялағанда Үздіктер сайтына ашық кері сілтеме қойылуы тиіс! Сайтта жарияланған мақалалардың мазмұнына мақала авторлары жауапты © 2013 - 2016